2026 ЖЫЛҒЫ МАМЫР АЙЫНА ЖЕТКІЗУ ЖОСПАРЫ БОЙЫНША МҰНАЙ ӨНІМДЕРІМЕН САУДА-САТТЫҚ КЕСТЕСІ
"ЕТС" тауар биржасы" АҚ 2026 жылғы мамыр айына Қазақстан Республикасының ішкі нарығына жеткізу жоспары бойынша мұнай өнімдерін өткізу жөніндегі сауда-саттық сессияларын өткізу туралы хабарлайды:
1) бензиндер – 2026 жылғы 6, 8, 12, 14, 15 мамыр күндері Астана қ. уақыты бойынша сағат 10:00-ден 11:00-ге дейін;
2) мұнай жол битумы – 2026 жылғы 6, 8, 12, 14, 15 мамыр күндері Астана қ. уақыты бойынша сағат 11:00-ден 12:00-ге дейін;
3) авиакомпанияларға арналған авиациялық отын – 2026 жылғы 6, 8, 12, 14 мамыр күндері Астана қ. уақыты бойынша сағат 12:00-ден 13:00-ге дейін;
4) авиациялық отынды бөлшек саудада өткізушілерге арналған авиациялық отын – 2026 жылғы 15 мамыр күні Астана қ. уақыты бойынша сағат 12:00-ден 13:00-ге дейін;
5) дизель отыны – 2026 жылғы 6, 8, 12, 14, 15 мамыр күндері Астана қ. уақыты бойынша сағат 14:00-ден 15:00-ге дейін.
Биржалық қамтамасыз ету мөлшері мәміленің болжамды сомасының 15 % деңгейінде бекітілген.
Биржалық сауда-саттық барысында қойылатын мұнай өнімдерін сатуға және сатып алуға арналған өтінімдердің ең жоғары мөлшері Қазақстан Республикасы Биржалық комитетінің Мұнай өнімдері жөніндегі кіші комитетімен ұсынылған, 07.06.2022 жылғы № 19 хаттама:
- бензиндер мен дизель отыны бойынша – 390 тонна мөлшерінде;
- реактивті қозғалтқыштарға арналған отын бойынша – 195 тонна мөлшерінде;
- жол битумы бойынша – 195 тонна мөлшерінде.
Биржалық сауда-саттыққа қатысу үшін:
- биржалық қамтамасыз етуді есепке алу үшін ЕТС Клирингтік орталығында сауда шотының кодын ашу;
- биржалық сауда-саттық күнінің алдындағы күні Астана қ. уақыты бойынша сағат 17:00-ге дейін биржалық қамтамасыз ету сомасын енгізу;
- брокерлік қызмет көрсету шарты жасалған брокерге клиенттік бұйрық беру қажет.
Мұнай өнімдері саудасы секциясының брокерлері туралы мәліметтерді мына сілтеме бойынша табуға болады: https://ets.kz/markets/oil_products/members/
Сауда құралдарының бекітілген ерекшеліктерімен ЕТС биржасының сайтында мына сілтемелер бойынша танысуға болады:
- бензиндер – https://ets.kz/documents/dokumenty-razdela-nefteprodukty/Benzin/;
- дизель отыны – https://ets.kz/documents/dokumenty-razdela-nefteprodukty/torgovye-instrumenty-toplivo-dizelnoe-soglasno-planu-postavok-nefteproduktov/;
- реактивті қозғалтқыштарға арналған отын (авиациялық отын) – https://ets.kz/documents/dokumenty-razdela-nefteprodukty/torgovye-intrumenty-toplivo-dlya-reaktivnykh-dvigateley-po-planu-postavok/;
- жол битумы – https://ets.kz/documents/dokumenty-razdela-nefteprodukty/bitum/.
Мұнай өнімдерінің базалық бағаларымен мына сілтеме бойынша танысуға болады - https://ets.kz/markets/oil_products/chart/.
Мұнай өнімдерімен биржалық сауда-саттықты өткізу тәртібі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрінің 2022 жылғы 19 шілдедегі № 294-НҚ бұйрығымен бекітілген Биржалық сауда қағидаларының 24-тарауының 188 - 211-тармақтарымен регламенттелген.
"ЕТС" тауар биржасы" АҚ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрінің 2022 жылғы 19 шілдедегі № 294-НҚ бұйрығымен бекітілген Биржалық сауда қағидаларының 24-тарауының негізгі ережелері туралы хабарлайды:
1. Мұнай өнімдерімен биржалық сауда-саттыққа қатысушылар (190-тармақ):
- мұнай өнімдерін сатушылар – жеткізу жоспарына енгізілген мұнай өнімдерін өндірушілер мен мұнай жеткізушілер, оның ішінде жол битумын сатушылар – битум өндірушілер және өздеріне меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын өңдеу процесінде өндірілген битумның меншік иелері;
- тауар биржасында бензин мен дизель отынын сатып алушылар мұнай өнімдерін көтерме жеткізушілер, мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізушілер және түпкілікті тұтынушылар болып табылады. Биржалық сауда-саттыққа қатысу үшін олар мұнай өнімдері нарығында кемінде екі жыл жұмыс тәжірибесіне ие болуы, сондай-ақ қосылған құн салығы бойынша бір заңды мекенжайда кемінде екі жыл үздіксіз тіркеу есебінде тұруы тиіс;
- авиациялық отынды сатып алушылар авиациялық компаниялар мен әуежайлар болып табылады. Бұл ретте авиациялық отынды сатып алушылар ретінде алғашқы төрт сауда сессиясында тек авиациялық компаниялар, бесінші сауда сессиясында әуежайлар ғана қатыса алады;
- жол битумын сатып алушылар битумды сақтау үшін тиісті инфрақұрылымы бар автомобиль жолдарын салу және жөндеу саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ битумды сақтау үшін тиісті инфрақұрылымы бар, автомобиль жолдарын салу және жөндеу саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган ұсынған ақпарат негізінде тауар биржасында биржалық сауда-саттыққа жіберілген тұлғалар болып табылады. Жол битумын сатып алушылардың тізбесі автомобиль жолдарын салу және жөндеу саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында орналастырылады.
2. Биржалық сауда-саттыққа қатысу үшін биржалық қамтамасыз ету мәміленің болжамды сомасының 15 (он бес) пайызынан аспайтын мөлшерде белгіленеді (201-тармақ).
3. Сауда сессиясы барысында қалыптастырылатын биржалық тауардың (мұнай өнімдерінің) ең жоғары баға деңгейі базалық бағаның 101 пайызынан аспауға тиіс (203-тармақ).
4. Сауда сессияларында мұнай өнімдерінің базалық бағасы ретінде мынадай бағалар танылады (204-тармақ):
1) жаңадан бекітілген сауда құралы бойынша алғашқы биржалық сауда-саттықта базалық баға Argus Media Limited (Аргус Медиа Лимитед), Ұлыбритания, басылымының "Argus Рынок Каспия" дереккөзінде жарияланатын Қазақстанның ішкі нарығындағы бағалар деректері бойынша өткен айдың қорытындысы бойынша қалыптасқан, мұнай өнімдерінің тиісті өндірушісінің жеткізу базисіндегі мұнай өнімдерінің тиісті түрінің көтерме бағалары котировкаларының орташа арифметикалық мәні деңгейінде белгіленеді;
2) егер бекітілген сауда құралы немесе сауда құралдарының тобы бойынша сауда-саттық әртүрлі себептермен, оның ішінде мұнай өңдеу зауытын жоспарлы және/немесе жоспардан тыс жөндеу кезеңінде, 2 (екі) аптадан артық тоқтатылған жағдайда, базалық баға 204-тармақтың 1) тармақшасына сәйкес айқындалады;
3) егер сауда сессиясының қорытындылары бойынша осы Қағидаларға сәйкес осы сауда сессиясында өткізілуге жататын мұнай өнімі көлемінің кемінде 70 % бойынша мәмілелер жасалса, келесі сауда сессиясында базалық баға осындай сауда сессиясында қалыптасқан мұнай өнімінің орташа өлшемді бағасы деңгейінде белгіленеді;
4) егер сауда сессиясының қорытындылары бойынша осы Қағидаларға сәйкес осы сауда сессиясында өткізілуге жататын көлемнің 70 %-ынан аз, бірақ 30 %-ынан астам көлемі бойынша мәмілелер жасалса және бұл ретте мұнай өнімінің орташа өлшемді бағасы осы сауда сессиясының базалық бағасы деңгейінде немесе одан жоғары қалыптасса, келесі сауда сессиясында базалық баға өзгермейді;
5) егер сауда сессиясының қорытындылары бойынша осы Қағидаларға сәйкес осы сауда сессиясында өткізілуге жататын мұнай өнімі көлемінің 70 %-ынан аз, бірақ 30 %-ынан астам көлемі бойынша мәмілелер жасалса және бұл ретте мұнай өнімінің орташа өлшемді бағасы осы сауда сессиясының базалық бағасынан төмен қалыптасса, келесі сауда сессиясында базалық баға осындай сауда сессиясында қалыптасқан мұнай өнімінің орташа өлшемді бағасы деңгейінде белгіленеді;
6) егер сауда сессиясының қорытындылары бойынша осы Қағидаларға сәйкес осы сауда сессиясында өткізілуге жататын мұнай өнімі көлемінің 30 %-ынан азы бойынша мәмілелер жасалса, келесі сессияға базалық баға екі пайызға төмендетіледі.
Мұнай өнімдерімен сауда-саттықты ұйымдастырушы 204-тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда базалық бағаны мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органмен алдын ала келіседі.