ҚРҰБ ставкасы 05.03.2026
USD: 499.83 RUB: 6.42
Сайт мәзірі

Қазақстанда биржалық тауар нарығындағы ішкі бақылау талаптары жаңартылды

12.01.2026

Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жоятын қаруды таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (ПОД/ФТ/ФРОМУ) саласындағы ішкі бақылау қағидаларына қойылатын жаңа талаптарды бекітті. Агенттік төрағасының тиісті бұйрығына 2025 жылғы 23 желтоқсанда қол қойылып, ол 29 желтоқсанда ресми түрде жарияланды.

Аталған талаптарға сәйкес, құжат алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді. Құжаттың 10-тармағына сәйкес, қаржылық мониторингті жүзеге асыратын субъектілер 30 күнтізбелік күн ішінде өздерінің ішкі бақылау қағидаларын жаңартылған талаптарға сәйкестендіруге міндетті.

Негізгі өзгерістердің бірі тәуекелдерді айқындау тәсілінің кеңеюіне қатысты. Бұған дейін тек күдікті операцияларға басымдық берілсе, енді клиенттің күдікті қызметі ұғымы енгізілді. Бұл жекелеген мәмілелерді ғана емес, клиенттің мінез-құлқын, операциялық белсенділігін және қызметінің жалпы сипатын кешенді түрде бағалауды көздейді.

Сонымен қатар ішкі бақылау және сәйкестік жүйесіне қойылатын талаптар нақтыланды. Аталған сала бойынша жауапты қызметкерден бөлек, ұйымдар еңбек өтілі мен іскерлік беделіне қойылатын белгіленген талаптарға сәйкес келетін және міндетті тестілеуден өткен қосымша қызметкерді айқындауға тиіс.

Тәуекелдерді басқару жүйесіне де елеулі өзгерістер енгізілді. Қызметтер көрсету барысында қаржылық мониторинг субъектілері елдік тәуекелдерді тек клиенттерге ғана емес, сонымен қатар мәмілелер бойынша контрагенттерге, биржалық делдалдарға және саудаға қатысушылардың бенефициарлық меншік иелеріне қатысты да ескеруі қажет.

Бұдан бөлек, офшорлық немесе санкциялар қолданылатын юрисдикциялар арқылы өтетін тауар жеткізілімдерінің транзиттік тізбектерімен байланысты операцияларды анықтауға ерекше назар аударылды. Бұл талап клиент немесе контрагент мұндай мемлекеттерде тікелей тіркелмеген жағдайларда да қолданылады.

Құжатта қаржылық мониторинг субъектілерінің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жоятын қаруды таратуды қаржыландыруға байланысты тәуекелдерді бағалау үшін өздерінің ішкі схемаларын, тәсілдерін, сценарийлері мен бағалау критерийлерін әзірлеу міндеті бекітілген. Сонымен қатар қаржылық мониторинг субъектілерінің түрлеріне қарай (тауар биржалары, биржалық брокерлер және клирингтік орталықтар) тәуекелі жоғары қызметтер мен өнімдер тізбесі кеңейтіліп, сараланған.

Сондай-ақ сыртқы тәуекел факторларымен қатар ұйым қызметінің ерекшеліктері мен корпоративтік құрылымына байланысты ішкі факторларды талдау енгізілді. Атап айтқанда, құрылтайшылар құрамында резидент еместердің болуы қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру тәуекелін арттыратын фактор ретінде қарастырылуы мүмкін.

Жаңартылған талаптарды орындау мақсатында қаржылық мониторинг субъектілері ішкі бақылау және сәйкестік бөлімшесінің қосымша қызметкерін айқындауы, оның міндетті тестілеуден өтуін қамтамасыз етуі, сондай-ақ бейінді құрылымдық бөлімшелердің қатысуымен ішкі бақылау қағидаларын қайта қарауы қажет.

Биржалық саудаға қатысушыларға қатысты жаңа талаптар биржалық операцияларды жүзеге асыру кезінде тәуекелге негізделген тәсілді күшейтуді көздейді. Атап айтқанда, ішкі бақылау жүйесі шеңберінде тәуекелдерді бағалау кезінде қаржылық мониторинг субъектілері өз клиенттері туралы ақпаратпен қатар, заңнама талаптары шегінде мәмілелер бойынша контрагенттердің жекелеген сипаттамаларын да ескереді.

Аталған өзгерістер рәсімдік сипатқа ие және биржалық инфрақұрылымның ашықтығы мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған. Еуразиялық тауар биржасы жаңартылған рәсімдерді кезең-кезеңімен әрі болжамды түрде енгізуді қамтамасыз етіп, нарық қатысушыларын уақтылы хабардар ететін болады.