ETC сауда жүйесі: нақты уақыттағы өзекті деректер
10 сәуір күні ETС тауар биржасының, технологиялық серіктестер мен нарық қатысушыларының қатысуымен кездесу өтті. Іс-шара аясында жаңартылған ETС сауда жүйесінің сынақтық таныстырылымы өткізілді.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын котировка модулі тудырды. Бұл модуль жайлы алғаш болып «OilClub Management» ЖШС өкілі пікір білдірді. Котировкалар жүйесі нақты уақыт режимінде басқа қатысушылардың баға ұсыныстарын көруге, өз өтінімдерін қалыптастыруға және сауда тарихын қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл – үдерістердің ашықтығын арттырып, икемді әрі жедел жоспарлауға жол ашады. Модульдің функционалы сауда қатысушыларына да, олардың клиенттеріне де нарықтағы жағдайды саралап, өтінімдерге уақтылы түзетулер енгізу үшін пайдалы болмақ.
«OilClub Management» ЖШС директоры Асқар Жаниязов жаңа жүйе күнделікті жұмыста тиімді құрал болатынын атап өтті:
«Котировка жүйесі бізге нарықтық өзгерістерге шұғыл әрекет етуге ғана емес, сонымен қатар өз өтінімдерімізді өзекті деректер негізінде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ақпараттың ашықтығы қабылданатын шешімдерге деген сенімді нығайтады, ал интерфейстің икемді баптаулары күнделікті жұмысты ыңғайлы етеді. Біз сатып алуларды басқаруды күшейтетін, шешім қабылдауды жеделдететін, нарықтық жағдайды тез талдауға мүмкіндік беретін және жеке сауда стратегиямызды қалыптастыруға көмектесетін құрал аламыз».
Компания өкілдері сонымен қатар модульді енгізу қызметкерлерге жүктемені азайтып, ішкі өтінімдерді келісу үдерісін оңтайландыратынын және нарық конъюнктурасын бағалауға сенімді аналитикалық база қамтамасыз ететінін атап өтті.
ETС жаңартылған платформасы пайдаланушылардың пікірлері, үздік халықаралық тәжірибелер мен тауарлық алаңдардағы көпжылдық жұмыс тәжірибесі негізінде әзірленген.
Платформада сауда, котировкалар, өтінімдер, мәмілелер, портфель, графиктер, есептер және басқа да негізгі модульдер бір терминалда біріктірілген. Пайдаланушылар интерфейсті өз міндеттеріне қарай баптап, шаблондарды сақтап, жұмыс режимдері арасында жылдам ауыса алады. Бұл уақытты үнемдеуге және трейдердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге септігін тигізеді.
ETС биржасы туралы
«Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасы» АҚ (ETС) – 2009 жылдан бері жұмыс істейтін Қазақстандағы ең ірі сауда алаңдарының бірі. Биржа 100 жылдан астам уақыттағы деректерді мұрағаттауға мүмкіндік беретін бірегей бағдарламалық қамтамасыз етуді қолданады. Бұл – сауданың ашықтығының жоғары деңгейін, мәмілелер кепілдігін және сауда қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
ETС тобы халықаралық қатысу аясын белсенді түрде кеңейтуде. 2024 жылы биржа экспорттық сауда платформасы – ETSE құруға лицензия алды. Бұл платформа экспорт-импорт операцияларын және валюталық мәмілелерді дамытуға бағытталған. Ол ұйымдастырылған тауар нарығын қалыптастыру мен халықаралық сауда инфрақұрылымын дамытуда маңызды құрал болмақ.