Қазақстанның картоп және көкөніс өсірушілер одағы мен ЕТС картоп саудасының ашық нарығын құрады
Қазақстанның картоп және көкөніс өсірушілер одағы» заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бірлестігі және «Еуразиялық Сауда Жүйесі» (ЕТС) тауар биржасы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат картоптың биржалық саудасын дамытуға, отандық өндірушілерді қолдауға және Қазақстанның экспорттық әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Келісім картоптың биржалық сауда көлемін ұлғайтуды және жаңа қатысушыларды тартуды, отандық өндірушілердің импорттаушылар алдындағы мүдделерін қорғауды, биржалық механизмдер негізінде бағалық индикаторларды қалыптастыруды, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерімен бірлескен пилоттық жобаларды іске қосуды қарастырады. Бұдан бөлек, тараптар нарық қатысушыларына арналған оқыту семинарларын, консультацияларды ұйымдастыруға және ішкі нарық пен экспортқа картоп көлемін бөлу бойынша цифрлық айна құруға уағдаласты.
«Меморандумға қол қою картоп нарығын ашық әрі бәсекеге қабілетті етуге, отандық өндірушілердің позициясын нығайтуға және саланың экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді», — деді Қазақстанның картоп өсірушілер одағының төрағасы Байжан Уалханов.
ЕТС басқарма төрағасы Құрмет Оразаев меморандумға қол қою бүкіл ауыл шаруашылығы секторының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
«Биржалық сауда өндірушілерге сенімділік пен ашықтық береді. Енді фермерлер өз өнімін әділ бағада сата алады, ал сатып алушылар мәмілелердің сапасы мен сенімділігіне көз жеткізеді. Біз бұл келісім Қазақстанда заманауи әрі бәсекеге қабілетті картоп нарығын құрудың бастау нүктесі боларына сенімдіміз. Сонымен бірге біздің мақсатымыз — картоп нарығының өңірлер бойынша теңгерімді болуын қамтамасыз етіп, елдегі нақты құнын онлайн режимде көрсету мүмкіндігін жасау», — деп атап өтті Құрмет Оразаев.
Тараптар сондай-ақ бірлескен талдамалық жұмыстың, заңнамаға өзгерістер енгізуге қатысудың және Қазақстанда тұрақты картоп нарығын қалыптастыру үшін күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.