Қазақстанда тауар биржаларын реттеу туралы заң қабылданды: Нені білу маңызды
Қазақстанда "Биржалық сауда және кәсіпкерлік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" №149-VIII ҚР Заңы қабылданды. Жаңа заң 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді және тауар биржаларының жұмысына айтарлықтай өзгерістер әкеледі деп күтіліп отыр.
Негізгі жаңалықтардың бірі –әлеуметтік маңызы бар биржалық тауарлармен сауда-саттықты ұйымдастыру үшін биржаларды конкурстық іріктеу. Енді 2025 жылы 2 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Үкіметі осындай іріктеулер жүргізетін болады. Ал әлеуметтік маңызы бар биржалық тауарлардың тізбесін ішкі нарықтың қажеттіліктерге қарай ҚР Сауда және интеграция министрлігі бекітетін болады.
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап тауар биржалары тек биржалық тауарлардың ресми тізімі және әлеуметтік маңызы бар биржалық тауарлардың тізіміне енген тауарлармен ғана сауда жасай алады. Барлық сауда-саттық тек аукцион тәртібімен өткізіледі. Бұл бағаны манипуляциялау мүмкіндігін жояды және бәсекелестікті арттырады.
Заң тауар биржаларының ең төменгі жарғылық капиталына жаңа талаптар енгізеді. Ол кемінде 2 миллиард теңгені құрауы тиіс. Бұл ретте кемінде 1 миллиард теңге ақшалай қаражатпен болуы тиіс. Сондай-ақ тауар биржалары кепілдік қорларының орнына резервтік қорлар құруға міндетті. Резервтік қордың ең төменгі мөлшері – 20 000 АЕК, ал әлеуметтік маңызы бар биржалық тауарлармен сауда жасайтын биржалар үшін –100 000 АЕК болмақ.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап клирингтік орталықтар мен биржалық брокерлерді міндетті лицензиялау, сондай-ақ монополияға қарсы органның сауда-саттыққа жөн-жосықсыз қатысушылардың тізімін жүргізуі қолға алынады. Осы тізімге енген компаниялар сауда-саттықтан 24 айға шеттетіледі.
"ETS” Тауар биржасының басқарма төрағасы Құрмет Оразаев:
"Тауар биржалары туралы заңнамада қабылданған өзгерістер биржалық сауданы дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады. Алайда олар нарыққа қатысушылар үшін елеулі сынаұ пен тегеуріндер әкелелі. Әлеуметтік маңызы бар биржалық тауарлармен сауда жасау үшін биржаларды конкурстық іріктеуді енгізу және капиталдандыруға қойылатын жаңа талаптар нарықты неғұрлым ашық және орнықты етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, капитал мен резервтік қорлар бойынша жоғары талаптарды орындай алмайтын тауар биржалары нарықтан кетуге мәжбүр болады. Биржалық брокерлер мен клирингтік орталықтарды лицензиялау қаржылық операцияларды бақылауды күшейтеді және сауда процестеріне деген сенімді арттырады. Бірақ бұл инфрақұрылымды жаңартуға айтарлықтай шығындар кетеді.
Стандартталмаған тауарлармен сауда-саттыққа тыйым салу және сауда-саттық сессияларының форматтарын шектеу – тауарлардың кейбір түрлеріне қол жетімділікті тарылтуы мүмкін. Бұл өз кезегінде нарықтың белсенділігін төмендетеді. Манипуляциядан қорғау құралы болатын биржалық сауда-саттыққа жөн-жосықсыз қатысушылардың тізіміне ерекше назар аудару керек. Алайда, бұл тізімге екі жылға кіру компаниялар үшін әдәуір қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін.
Монополияға қарсы органның лицензияларды тоқтата тұру жөніндегі жаңа өкілеттіктері биржалық нарықтағы құқықтық тәртіпті нығайтуға арналған. Бірақ нарыққа қатысушыларға әкімшілік қысым жасау қаупі де бар".
“ETS” биржасы биржалық нарықтың барлық қатысушыларын осы өзгерістерді талқылауға шақырады және кәсіби сараптама ұсынып, кез келген сұрақтарыңызға жауап беруге дайын. Сіздің белсенді қатысуыңыз бен айтқан пікіріңіз нарықты одан әрі дамытуға және жалпы көзқарасты қалыптастыруға көмектеседі.
Байланыс ақпараты:
Веб-сайт: https://ets.kz/
Ахметова Сәния,
Тел: 7 727 244 57 80 (ішкі. 7417)
E-mail: ets@ets.kz, ahmetova@ets.kz