Қазақстан Үкіметі өңірлік тауар-шикізат биржасының нормативтік базасын құру жұмысын аяқтады
Өңірлік тауар-шикізат биржасын құру мәселесін пысықтау аясында Қазақстан Үкіметі Астана халықаралық қаржы орталығымен (АХҚО) бірлесе отырып, тауар нарықтарының сенімді инфрақұрылымын қалыптастыру үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны қамтамасыз етті.
Үкіметтің мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың тамыз айында АХҚО металдармен, ауыл шаруашылығы өнімдерімен, газбен, электр энергиясымен және экологиялық құралдармен тауарлық деривативтер саудасын реттейтін ішкі актілерді бекітті.
2024 жылдың шілде айында ETSE Ltd. компаниясы көпжақты сауда алаңы ретінде қызмет жүргізу лицензиясын алды, бұл жергілікті қатысушыларға заманауи биржалық құралдарға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Ал 2024 жылдың қазан айында АХҚО заңнамасына токенизацияланған тауарлармен сауданы реттейтін түзетулер енгізіліп, цифрлық активтердің дамуына жағдай жасалды.
«ETC» тауар биржасының басқарма төрағасы Құрмет Оразаев бұл өңірлік тауар ағындары инфрақұрылымын құру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
«2022 жылы АХҚО базасында тауарлық деривативтер нарығын іске қосу мақсатында ETC тобының жобалық кеңсесі құрылды. Біз осы жобаны іске асырудағы бірлескен күш-жігері үшін АХҚО әкімшілігіне және “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ұлттық компаниясына алғысымызды білдіреміз. 2025 жылдың екінші тоқсанында алаң толықтай сауда жүргізуге дайын болады. Алғашқы мәмілелер Қытайға бидай, мұнай коксы және кокс көмірін экспорттауға бағытталады», — деп мәлімдеді Оразаев.
АХҚО юрисдикциясын таңдау оның функционалы мен құралдары Қазақстанға АХҚО туралы Конституциялық заңға сәйкес дербес бастамалар әзірлеуге мүмкіндік беретінімен байланысты.
Сонымен қатар, халықаралық инвесторлармен келіссөздер барысында олардың АХҚО-ға биржалық сауда жүйелерін көшіруге қызығушылығы шектеулі екені анықталды. Алайда, серіктестер тауар нарықтарының конъюнктурасы туралы ақпарат алмасу, өзара сауда көлемін ұлғайту, сауда жүйелерін дамыту, сондай-ақ кеңес беру және технологиялық қолдау көрсету мәселелерінде ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді. Осы жұмыс аясында Қазақстан әлемдегі жетекші биржалардың, соның ішінде Далянь тауар биржасы, Шанхай фьючерстік биржасы, Санкт-Петербург халықаралық тауар-шикізат биржасы және Түркияның Конья қаласындағы биржаның тәжірибесін зерттеді.
Биржалық сауданы реттеу саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында 2024 жылғы 30 желтоқсанда «Биржалық сауда және кәсіпкерлік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл заң биржаларға мемлекеттік бақылауды кеңейтуді, тауар биржаларын шағын және микро кәсіпкерлік субъектілерінің санатынан шығаруды, олардың қаржылық тұрақтылығын арттыруды, саудада боттарды пайдалануға тыйым салуды, биржаларға қойылатын талаптары жоғары әлеуметтік маңызы бар биржалық тауарлар тізімін қалыптастыруды, адал емес сауда қатысушыларының тізілімін жасауды, сондай-ақ брокерлер мен клирингтік орталықтарды лицензиялауды көздейді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан өңірлік биржалық сауданы нығайтып, АХҚО алаңында жаңа құралдарды іске қосуда. Осыған байланысты Үкімет нормативтік базаны құру бойынша тапсырманың орындалғанын мәлімдеп, оны бақылаудан алуды ұсынады.
Анықтама:
АХҚО туралы
Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – инвестиция тарту, қаржылық технологияларды дамыту және Орталық Азиядағы сауданы ілгерілету үшін құрылған қаржылық платформа. АХҚО қызметі ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген арнайы заңнама бойынша реттеледі.
ETC биржасы туралы
«Еуразиялық сауда жүйесі» (ЕТС) тауар биржасы» АҚ – 2009 жылдан бері жұмыс істейтін Қазақстандағы ірі сауда алаңдарының бірі. Биржа 100 жылдан астам деректерді мұрағаттауға мүмкіндік беретін бірегей бағдарламалық қамтамасыз етуді ұсынады, бұл сауданың жоғары деңгейдегі ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. «Біздің биржа – Қазақстандағы көрсеткіштері халықаралық рейтингтік агенттікпен танылған жалғыз биржа», — деп атап өтті Құрмет Оразаев.
ETC тобы халықаралық нарықтардағы қатысуын белсенді түрде кеңейтуде. 2024 жылы биржа экспорттық сауда платформасы ETSE құруға лицензия алды, бұл экспорттық-импорттық операциялар мен валюта мәмілелерін дамытуға ықпал ететін болады. Бұл платформа ұйымдастырылған тауар нарығын қалыптастыруға және халықаралық сауданың инфрақұрылымын жақсартуға арналған.