ҚРҰБ ставкасы 15.12.2025
USD: 522.38 RUB: 6.54
Сайт мәзірі

Жаңа «Портфель» модулі: сауда мен лимиттердің ашықтығы бір терезеде

18.04.2025

10 сәуір күні ETС тауар биржасының, технологиялық серіктестер мен нарық қатысушыларының қатысуымен өткен іс-шарада ETС сауда жүйесінің жаңартылған нұсқасы таныстырылды.

Платформаның тағы бір маңызды жаңа құралы — «Портфель» модулі болды. Бұл — брокерлер мен клиенттер үшін сауда операцияларын басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған функционалды құрал.

Модуль пайдаланушыларға сауда қызметіне байланысты қаржылық жағдайын толық бақылауға мүмкіндік береді. «Портфель» интерфейсінде брокерлік және клиенттік шоттардағы кепілдік қамтамасыз ету қалдықтары, ағымдағы және алдыңғы лимиттер, сондай-ақ жаңа мәмілелер жасауға қолжетімді қаражаттар көрсетіледі.

Құрал нақты уақыт режимінде жұмыс істейді. Бұл қатысушыларға жалпы, бұғатталған және қолжетімді лимиттерді жедел бақылауға, кепілдік қамтамасыз ету көлемін қадағалауға, белсенді және аяқталған мәмілелерді талдауға, сондай-ақ өзекті қаржылық деректер негізінде болашақ операцияларды болжауға мүмкіндік береді. Ыңғайлы және интуитивті интерфейс қажетті ақпараттың бәрін бір терезеде біріктіреді, бұл шешім қабылдау үдерісін жеңілдетіп, ашықтық пен жоғары жылдамдықты қамтамасыз етеді.

«Продкорпорация» ҰК» АҚ трейдері Елдар Қакимовтың айтуынша, «Портфель» модулі күнделікті жұмыста маңызды құрал бола алады:
«Портфель» модулі арқылы ағымдағы лимиттерді бақылауға болады — қандай сомаға дейін мәміле жасауға болады, қандай міндеттемелер ашық күйде, ал қайсысы орындалды. Бұл — брокерлер мен клиенттер үшін кепілдік қамтамасыз етудің қаншасы бұғатталғанын, қаншасы саудаға қолжетімді екенін және мәмілені аяқтау үшін қанша қосымша қаражат қажет екенін түсінуге көмектесетін "статус-терезе" іспетті. Барлығы нақты, ашық және қолжетімді — бұл салмақты шешімдер қабылдауға сеп болады».

Айта кетейік, жаңартылған ETС платформасы пайдаланушылардың кері байланысы, үздік халықаралық тәжірибелер және тауар нарығындағы көпжылдық тәжірибе ескеріле отырып әзірленді. ETС сауда жүйесінің функционалын әрі қарай дамытып, барлық қатысушылар үшін қолайлы және тиімді инновациялық шешімдерді енгізуді жалғастырады.

ETС биржасы туралы
«Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасы» АҚ (ETС) — 2009 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан Қазақстандағы ең ірі сауда алаңдарының бірі. Биржа 100 жылдан астам уақыттағы деректерді мұрағаттауға мүмкіндік беретін бірегей бағдарламалық қамтамасыз етуді қолданады. Бұл сауданың ашықтығын, мәмілелердің кепілдігін және қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етеді.

ETС тобы халықаралық қатысу аясын белсенді түрде кеңейтуде. 2024 жылы биржа экспорттық сауда платформасы — ETSE құруға лицензия алды. Бұл платформа экспорт-импорт операцияларын және валюталық мәмілелерді дамытуға бағытталған. Ол ұйымдастырылған тауар нарығын қалыптастыру мен халықаралық сауда инфрақұрылымын дамытуда маңызды құрал болмақ.