ETSE халықаралық деңгейге шықты: алғашқы қатысушылар тіркелді
ETSE алғашқы қатысушылардың «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелгенін хабарлайды. Мемлекеттің астық нарығындағы саясатын жүзеге асыратын «ҰК «Продкорпорация» АҚ және мұнай өнімдерін жеткізу саласында жұмыс істейтін «Baq Technology Ltd.» ЖШС тіркеу процесін сәтті аяқтап, АХҚО базасындағы жобаның алғашқы ресми қатысушылары атанды.
АХҚО-да тіркелу компанияларға ағылшын жалпы құқығы қағидаттарына негізделген құқықтық орта, ерекше салықтық режим және икемді валюта реттеуі бар халықаралық қаржы юрисдикциясына қол жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл халықаралық сауданы дамытуға және инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасайды.
Бұл қадам ETSE платформасының – экспорттық және трансшекаралық сауданы дамытуға арналған цифрлық экожүйенің іске қосылғанын білдіреді. Платформа компанияларға халықаралық сауда инфрақұрылымына қол жеткізуді қамтамасыз етеді, қатысушылар арасындағы өзара әрекеттесу механизмдерін реттейді, шетел валютасындағы есеп айырысуларды қолдайды және мәмілелерді автоматтандыруды жүзеге асырады. Жаңа қатысушыларды тіркеу жалғасуда, бұл бизнесті халықаралық сауданың жаңа мүмкіндіктерімен қамтамасыз етеді.
«Алғашқы қатысушыларды тіркеу – маңызды кезең ғана емес, сонымен қатар ETSE платформасының халықаралық форматта іске қосылғанын растайтын нақты факт. Біз алғашқы серіктестерімізді қарсы алуға қуаныштымыз және олардың үлгісі басқа компанияларға бағдар болады деп сенеміз», – деп атап өтті «Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасы» АҚ Басқарма төрағасы Құрмет Оразаев.
ETSE жобасы халықаралық электрондық сауда үшін ашық, бәсекеге қабілетті және айқын орта қалыптастырды. Платформа озық технологияларды біріктіреді, негізгі әлемдік валюталардағы есеп айырысуларды қолдайды және нарықтың барлық қатысушылары үшін ыңғайлы жағдай жасайды.
Тіркеу жалғасуда, және ETSE компанияларды халықаралық сауданың цифрлық дәуіріне қосылуға шақырады.