ҚРҰБ ставкасы 20.01.2026
USD: 509.63 RUB: 6.54
Сайт мәзірі

ЕТС жаңа брокерлерге қойылатын талаптарды түсіндіреді және инфрақұрылымның өңірдің жетекші биржалары стандарттарына сәйкестігін растайды

18.11.2025

Соңғы уақытта «Еуразиялық Сауда Жүйесі» тауар биржасы» АҚ (ЕТС) басқа биржаларда жұмыс істегеннен кейін ЕТС-ке ауысуды жоспарлап отырған брокерлер мен дилерлер тарапынан өтініштердің көбеюін байқап отыр.

Өтініштердің бір бөлігінде аталған алаңдарда қатысушылардың заңнама талаптарын сақтауына жеткілікті бақылаудың болмауы, сондай-ақ адал биржалық айналым нормалары мен техникалық дайындық стандарттарына қатысты түсіндірулердің жеткіліксіздігі атап өтіледі. Осыған байланысты ЕТС қолданыстағы қағидалар мен жұмыс тәртібін түсіндіруді маңызды деп санайды.

Брокерлер мен дилерлерге қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 30 наурыздағы № 280 бұйрығымен бекітілген Биржалық сауда қағидаларында айқындалған. Биржа үміткерлерден аккредитация алу кезінде осы талаптарды қатаң сақтауды, оның ішінде брокерлік компаниялар басшыларының жоғары білімі болуы және қаржылық есептілікті ұсыну қажеттігін назарда ұстауды сұрайды.

Сонымен қатар биржаға нарықтың жекелеген қатысушыларынан «тең емес техникалық жағдайлар», «маршрутизация қателері», «VPN мәселелері» немесе «терминалдың дұрыс жұмыс істемеуі» туралы мәлімдемелер түсуде. Мұндай шағымдардың басым бөлігі алдыңғы қатарлы биржалық инфрақұрылым стандарттарын жеткілікті түсінбеумен байланысты.

Осыған байланысты ЕТС электрондық сауда жүйесі Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына, ақпараттандыру саласындағы нормативтерге, қолданыстағы ақпараттық қауіпсіздік стандарттарына және аймақтың жетекші сауда алаңдарының озық тәжірибелеріне толық сәйкес келетінін хабарлаймыз. Бұлар — Мәскеу биржасы, Санкт-Петербург биржасы, Белорусь әмбебап тауар биржасы, Өзбекстан республикалық тауар-шикізат биржасы, KASE, ITS және AIX. Аталған алаңдардың барлығы қауіпсіздік пен процестер архитектурасының ұқсас стандарттарын қолданады, соның ішінде секундтың үлесіндегі рұқсат етілген кідірістер, өтінімдерді алдын ала қалыптастыру мүмкіндігі және VPN арналарының пайдаланылуы.

Нарық қатысушыларының сенімін айқындайтын объективті көрсеткіш — ұйымдастырылған тауар саудасының көлемі бойынша ЕТС-тің тұрақты көшбасшылығы. Соңғы 17 жыл бойы, оның ішінде 2024 және 2025 жылдары да биржаның жиынтық айналымы Қазақстандағы барлық өзге жұмыс істеп тұрған тауар биржаларының жиынтық айналымынан асып келеді — бұрын 47 биржа жұмыс істеген кезеңде де, қазіргі лицензияланған алаңдардың саны азайған тұста да бұл көрсеткіш тұрақты сақталып отыр. Бұл қатысушылардың ЕТС техникалық инфрақұрылымына деген сенімін және оның бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді.

ЕТС биржасы нарық қатысушыларымен және уәкілетті органдармен кәсіби диалогқа ашық, іскерлік этика қағидаттарын сақтауға бейілді және саланың озық стандарттарына сай жұмыс істеуге дайын жаңа брокерлер мен дилерлерді қарсы алады.