ҚРҰБ ставкасы 15.12.2025
USD: 522.38 RUB: 6.54
Сайт мәзірі

ЕТС: бізге қарсы бағытталған әрекеттер — нарықтағы көшбасшылығымызды дәлелдейді

21.04.2025

ЕТС Тауар биржасының ресми мәлімдемесі
Ulysmedia.kz порталында жарияланған материалға байланысты

Ulysmedia.kz порталында жарияланған, ЕТС Тауар биржасына қатысты бірқатар мәлімдемелерді қамтитын материалға байланысты ресми ұстанымымызды білдіруді қажет деп санаймыз.

Ашық ақпараттық алаңда ЕТС-ті қаралау әрекеттері жасалуда — оның ішінде Ulysmedia.kz сайтында жарияланған материал секілді жарияланымдар арқылы. Бұл сындарлы сын емес, конкурс процестері аясында іскерлік беделімізге нұқсан келтіруге бағытталған мақсатты әрекеттер екені айқын. Дегенмен, біз авторға алғыс айтамыз: мұндай шабуылдар ЕТС-тің нарықтағы маңызын және көшбасшылығын растайды.

ЕТС — еліміздегі ең ірі әрі тұрақты тауар биржасы. Соңғы 5 және 10 жыл ішінде біз сауда көлемі бойынша тұрақты түрде көш бастап келеміз. Осы кезеңдегі жиынтық салық төлемдері бойынша ЕТС басқа барлық биржаларды біріктіріп алғандағы көлемнен асып түсті. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті есептейтін қаржылық тұрақтылық индексі де саланың басқа қатысушыларымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Бұл деректер ресми статистикамен расталған және реттеушілер мен кәсіби қауымдастықтар тарапынан мойындалған.

Біз өңірдің жетекші биржалары және реттеуші органдарымен тұрақты диалог жүргіземіз. ЕТС акционерлік құрамына шетелдік биржаның кіруі — оның акционерлері қатарында «Роснефть», «Газпром», «Татнефть» сияқты ірі компаниялар бар — біздің технологиялық және ұйымдастырушылық инфрақұрылымымыздың жоғары деңгейін көрсетеді. Бұл құрылымдардың, сондай-ақ халықаралық биржалық қауымдастықтардың өкілдері ЕТС директорлар кеңесінің құрамына кіреді — бұл біздің халықаралық деңгейдегі сараптама мәртебемізді айғақтайды.

Шетелдік акционерлердің миноритарлық үлесі (бар болғаны 3%) — бірқатар тауарлардың сыртқы жеткізілімдерге тәуелділігін ескере отырып, теңгерімді өңірлік нарық қалыптастыруға бағытталған. Бұл үлес Қазақстан Республикасының стратегиялық мүдделеріне әсер етпейді. Сынның бір бөлігі осы серіктестерге бағытталғанын түсіне отырып, біз ЕТС пен оның серіктестерінің іскерлік беделін заңнамаға сәйкес қорғау құқығын өзімізде қалдырамыз.

ЕТС Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтай отырып, ашықтық, тең қолжетімділік қағидаттарымен жұмыс істейді. Біз мемлекеттік органдармен, бизнеспен және БАҚ-пен диалогқа әрқашан ашықпыз.

Барлық биржалар сияқты, ЕТС ұйымдастырылған сауданы дамыту мен ашықтықты арттыруға бағытталған іс-шараларға қатысады. Мемлекеттік органдар, соның ішінде депутаттардың биржаға келуі — бұл стратегиялық серіктестермен және реттеушілермен жоспарлы жұмыстың бір бөлігі. Бұл лоббизм емес — бұл ЕТС-тің сала дамуына қосқан кәсіби үлесінің мойындалуы.

2021 жылдың соңындағы сауда нәтижелері бойынша біз барлық қажетті ақпаратты реттеуші органдарға тапсырдық. Протоколдар ашық қолжетімділікте жарияланып, уәкілетті органдарға жіберілді. ЕТС барлық нұсқамаларды орындайды және мемлекеттік құрылымдардың ұсынымдарын кезең-кезеңімен енгізіп келеді.

Әкімшілік айыппұлға келсек, ол «СНПС-Актобемунайгаз» АҚ зауытынан сұйытылған газдың әртүрлі көлік түрімен жөнелтілуі кезінде пайда болған баға айырмасына қатысты. Біздің ойымызша, тауарды тасымалдау түрі оның зауыттағы босату бағасына әсер етпеуі тиіс. Мұны нан бағасының оны қолмен алып кету немесе велосипедпен тасымалдауға байланысты өзгеруімен салыстыруға болады. Дегенмен, айыппұл салынды және біз оны сот шешіміне құрметпен қарай отырып өтедік.

Сонымен қатар, арыз беруші «Каспий» биржасында бензин бағасының 12 теңгеге қымбат екенін және бұл миллиондаған теңге көлеміндегі шығынға әкелетінін мойындайды. Алайда бұл жағдайға құқықтық баға берілмей, 1,5 жылдан астам уақыт бойы назардан тыс қалып отыр.

Әкімшілік шараларға сілтемелер заңнаманың жетілмегендігін пайдалана отырып, ЕТС-ке қысым жасау құралы ретінде қолданылады. Сонымен қатар, 2021–2022 жылдары «Каспий» биржасына қатысты сауда ережелерін бұзу және манипуляциялар бойынша қабылданған сот шешімдері мен әкімшілік шаралар ескерусіз қалуда.

ЕТС басқарма төрағасы Құрмет Оразаевтың айтуынша:
«Иә, біз өңірдің жетекші биржалары және әртүрлі елдердің реттеушілерімен тұрақты диалог жүргізіп келеміз — бұл тұрақты және ұйымдастырылған өңірлік нарықты қалыптастыру үшін қажет. Біздің қатысушылар мен реттеушілер үздік салалық тәжірибелерді енгізуде. Біз еуропалық тәжірибеге құрметпен қараймыз, бірақ қазіргі жағдайда оны қолдануға негіз көріп отырған жоқпыз».

Шетелдік акционерлердің қатысуы — әлемдік тәжірибеде қалыпты құбылыс. Ал арыз берушілердің «базар» деген секілді сөз тіркестері мен өздерін «базарком» деп атауы — олардың мүлде басқа философияны ұстанатынын, яғни ЕТС қызметімен байланысы жоқ бейберекет сауданы жақтайтынын көрсетеді. Мұндай әртүрлі көзқарастар аясында пікірталас жүргізудің өзі мәнін жоғалтады.

Біз кәсіби әрі сындарлы диалогқа әрдайым дайынбыз және саланың дамуы тек нақты фактілерге, заңға және ашықтықты қамтамасыз ететін институттарға құрмет негізінде жүзеге асуы керек деп есептейміз.

ЕТС Тауар биржасы өзінің іскерлік беделін, сондай-ақ қызметкерлері мен акционерлерінің мүдделерін заңда көзделген барлық тәсілдермен, соның ішінде құқықтық механизмдер арқылы қорғау құқығын өзінде қалдырады.

ЕТС Тауар биржасының баспасөз қызметі