ETC және Петербург биржасы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды
2025 жылғы «Ресей — Ислам әлемі: KazanForum» XVI Халықаралық экономикалық форумы аясында «Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасы» АҚ (ЕТС) және «Петербург биржасы» АҚ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекетаралық биржалық сауданы дамыту саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды.
Құжатқа ЕТС басқарма төрағасы Курмет Оразаев пен Петербург биржасының президенті Игорь Артемьев қол қойды. Келісімнің мақсаты — екі ел арасындағы сауда байланыстарын дамыту, биржалық инфрақұрылым арасындағы өзара іс-қимылды күшейту және Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы экономикалық интеграцияны нығайту.
Қол қою рәсімі өткен сессия «Тауар биржасындағы ислам қаржы құралдары. Ресей мен ИЫҰ елдері арасындағы сауда қатынастарын дамыту платформасы» тақырыбына арналды. Іс-шараға Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Иран, Пәкістан, Түркия және Таяу Шығыс елдерінің қаржы институттарының өкілдері қатысты.
Дискуссия барысында қатысушылар шариғатқа сай құралдарды биржалық саудада қолдану тәжірибелерін, операцияларды стандарттау мәселелерін, сондай-ақ ислам қаржы шешімдерін цифрландыру перспективаларын талқылады.
Сессияның басты қатысушысы – ЕТС тауар биржасы болды. ЕТС басқарма төрағасы Курмет Оразаев биржаның ислам қаржы принциптерін ескере отырып, биржалық сауданы дамытуға деген көзқарасын таныстырып, ЕТС-тің ИЫҰ және Еуразия елдері арасындағы тауар экспорт-импортын тұрақты әрі ашық жүргізуге арналған платформа ретіндегі рөлін атап өтті.
«Бұл келісім Еуразия кеңістігінде биржалық әріптестікті дамытудың жаңа парағын ашады және бизнестің өсуіне нақты мүмкіндіктер жасайды. Күштерімізді біріктіріп, тәжірибе алмасып, сауда механизмдерін бірлесіп дамыту арқылы біз өзара сауданы арттыруға ықпал ететін тиімді инфрақұрылым қалыптастыра аламыз. Бұл ЕАЭО негізінде бірыңғай экономикалық кеңістік құру жолындағы маңызды қадам», — деді Курмет Оразаев.
Келісім аясында тараптар сауда қатысушыларының екі елдің нарықтарына қолжетімділігін кеңейтуді, мемлекетаралық сауда ерекшеліктерін ескере отырып жаңа биржалық өнімдер әзірлеуді, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей резиденттерінің саудаға қатысу ережелерін үйлестіруді жоспарлап отыр. Бұған қоса, бірлескен зерттеулер, конференциялар, дөңгелек үстелдер және басқа да іскерлік іс-шаралар өткізу көзделген.
Тараптар сондай-ақ ЕАЭО аясында биржалық сауда саласындағы нормативтік базаны қалыптастыруға қатысуға мүдделілік білдірді.
Петербург биржасының президенті Игорь Артемьев ЕТС-пен әріптестікті аймақтағы биржалық сауданың өсіп келе жатқан маңызын ескере отырып, қисынды және уақтылы шешім деп атады. Ол екі биржаның ресурстары мен сараптамасын біріктіру өзара сауданы кеңейтуге берік негіз құрып, нарық қатысушыларына сенімді, ашық және бәсекеге қабілетті алаң ұсынатынына сенім білдірді.
«Біз ортақ биржалық кеңістікті дамытудан үлкен әлеует көреміз. ЕТС-пен бірге заманауи талаптарға сай келетін сенімді әрі ыңғайлы инфрақұрылым ұсына аламыз. Ұзақ мерзімді перспективада бұл экономикалық әсер ғана емес, елдер, бизнес және инвесторлар арасындағы сенімді нығайтады», — деп атап өтті Игорь Артемьев.
Келісім ЕАЭО-ның басқа елдерінен де сауда қатысушыларын тартуды көздейді, бұл тараптардың пікірінше, аймақтық экономикалық интеграцияны одан әрі тереңдетуге ықпал етеді. Құжат қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді және белгісіз мерзімге жасалған.