ҚРҰБ ставкасы 20.01.2026
USD: 512.16 RUB: 6.57
Сайт мәзірі

Биржалар – ашық сауданың реттеушісі және қозғаушы күші: Минскте Қазақстан тәжірибесі таныстырылды

12.06.2025

Минск-2.jpg

10 маусымда Минск қаласында Халықаралық биржалар қауымдастығының (ХБҚ) Пленарлық отырысы өтті — бұл биржалық сауданы дамытуға, нарықты реттеу мәселелеріне және халықаралық ынтымақтастыққа арналған маңызды жыл сайынғы іс-шара. Биыл Қауымдастық өзінің 25 жылдығын атап өтуде, ал отырыс мемлекеттік органдардың, тауарлық және қаржылық биржалардың, монополияға қарсы реттеушілердің, интеграциялық құрылымдардың, сондай-ақ ғылыми және іскерлік орта сарапшыларының диалог алаңына айналды. «Еуразиялық сауда жүйесі» тауарлық биржасы биржаларды ашық әрі тиімді реттеудің құралы ретінде сипаттаған баяндамасын ұсынды.

Орталық спикерлердің бірі – «Еуразиялық сауда жүйесі» тауарлық биржасы» АҚ Басқарма төрағасы Құрмет Оразаев болды. Ол өз сөзінде биржалық сауда тек мәмілелерді жасау тетігі ғана емес, сонымен қатар тауар нарығын реттеудің тиімді құралы екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл механизм бәсекелестік ортаны қолдауға, теріс пайдаланушылықты болдырмауға және монополияға қарсы бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, биржалық тетікті қолдану мемлекет үшін – үдерістердің ашықтығы мен басқарылуын арттыру арқылы, ал бизнес үшін – саудаға тең қолжетімділік пен әділ баға қалыптастыру арқылы маңызды артықшылықтар береді.

Минск-1.jpg

«Бүгінде биржалық сауда – жай ғана мәмілелер жасалатын алаң емес, бұл – ұлттық және өңірлік нарықтардың теңгерімділігін, ашықтығын, әділетті баға түзілімін және адал бәсекені қамтамасыз ететін толыққанды реттеу құралы. Қазақстан тәжірибесі көрсетіп отырғандай, жүйелі тәсіл арқылы биржа мемлекеттік экономикалық саясаттың бір бөлігіне айналып, нарыққа деген сенімді арттырып, көлеңкелі сектордың ықпалын азайта алады», – деді Оразаев.

Сондай-ақ ол Қазақстандағы биржалық сауданың қазіргі даму кезеңін айқындайтын негізгі үрдістерге тоқталды. Олардың ішінде – міндетті биржалық саудаға жататын тауарлар тізімінің кезең-кезеңімен кеңеюі, бұл сауданың ашықтығын арттыруға және жаңа нарық сегменттерін қамтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, нарық қатысушылары мен мемлекеттік органдар тарапынан биржалық тетіктерге деген институционалдық сенім артып келеді, бұл биржалардың реттеу инфрақұрылымының элементтері ретіндегі рөлін күшейтуде. Тағы бір маңызды бағыт – Қазақстанның ЕАЭО кеңістігіндегі интеграциялық экономикалық бастамаларға белсенді қатысуы, мұнда биржалық сауда нарықтық практикаларды жақындастыру мен үйлестіру құралы ретінде қарастырылады.

ХБҚ-ның пленарлық отырысы тәжірибе алмасуға, тәсілдерді келісуге және сауданың ашықтығын арттыруға бағытталған шешімдерді әзірлеуге арналған халықаралық сараптамалық платформа ретіндегі рөлін растады. Іс-шараға Беларусь, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, БАӘ және басқа да елдердің өкілдері қатысты. Сондай-ақ, бағдарлама аясында ХБҚ мүшелерінің жыл сайынғы жиналысы және цифрлық қаржы құралдары жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Онда блокчейн технологияларын, токенизацияны, сауда үдерістерін цифрландыруды және қаржы нарықтарында жасанды интеллектіні қолдану перспективалары талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту, биржалық инфрақұрылымды дамыту және ортақ реттеушілік кеңістік қалыптастыру бойынша алдағы қадамдарды белгіледі.

Айта кетейік, биылғы кездесу ерекше атмосферада өтті: ХБҚ-ға – 25 жыл, ал қабылдаушы тарап болған Беларусь әмбебап тауар биржасына – 20 жыл толды. Бұл айтулы даталар өңір экономикасындағы биржалар рөлінің тұрақтылығы мен маңыздылығын айқындай түсті.