ЕАЭО биржалары тауарлық индикаторлардың ашық жүйесін қалыптастыруда

2025 жылғы 6–7 наурызда Алматы қаласында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында халықаралық тауарлық индикаторлар жүйесін құру жөніндегі Жұмыс тобының үшінші отырысы өтті. Кездесу «Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасы» АҚ (ЕТС) базасында ұйымдастырылып, одақтың ірі биржалары – «Санкт-Петербург халықаралық тауар-шикізат биржасы» АҚ (СПбМТСБ), «Беларусь әмбебап тауар биржасы» ААҚ (БУТБ) және «Қырғызстан қор биржасы» ЖАҚ (ҚФБ) делегацияларын біріктірді.
Кездесудің басты нәтижесі – индикаторлар жүйесіне енгізілетін тауарлардың негізгі тізімін келісу болды. Бұл тізімге мұнай өнімдері, сұйытылған көмірсутек газы (СҚГ), сығылған табиғи газ (СТГ), металдар, ағаш материалдары, көмір, астық және майлы дақылдар кірді. Алдағы уақытта бұл тізімге минералды тыңайтқыштар мен полимерлерді қосу жоспарлануда.
«Ашық және тиімді индикаторлар жүйесін құру ЕАЭО-да биржалық сауданың жаңа көкжиектерін ашады. Бұл трейдерлерге, сарапшыларға және реттеуші органдарға нарықтық теңгерім туралы сенімді деректермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті «ЕТС» АҚ басқарма төрағасы Құрмет Оразаев.
Қатысушылар сондай-ақ индикаторлар жүйесін IOSCO халықаралық стандарттарына сәйкес өзін-өзі бағалау туралы ұсыныс жасап, Адалдық декларациясының жобасын дайындау жөнінде шешім қабылдады. Оның қол қою шарттары келесі отырыста егжей-тегжейлі талқыланатын болады.
«Баға деректерінің қолжетімділігі мен объективтілігі елдер арасындағы тауар айналымын жандандыру үшін өте маңызды. Нақты мәмілелер мен ашық әдістеме негізінде құрылған индикаторлар ұзақ мерзімді келісімшарттар мен фискалдық және реттеуші функцияларды орындау үшін сенімді негізге айналады», – деп мәлімдеді «БУТБ» ААҚ басқарма төрағасы Александр Осмоловский.

Тағы бір маңызды шешім – баға белгіленетін тауарларды жеткізу шарттарын келісу болды. Әр биржа өз ұсыныстарын дайындап, оларды жеткізу карталары арқылы ұсынатын болады, бұл сауданы жоспарлау мен ұйымдастыруды жеңілдетеді.
«Индекс-менеджмент саласындағы ақпараттық өзара іс-қимыл интеграциялық процестердің дамуына қуатты серпін береді. Бұл ЕАЭО елдері арасындағы трансшекаралық биржалық сауданың кеңеюі үшін қолайлы жағдай жасайды деп сенеміз», – деп атап өтті «СПбМТСБ» АҚ басқарушы директоры Павел Иванов.
Бұдан бөлек, тауарлық индикаторларды жариялау үшін бірыңғай ресурс құру туралы шешім қабылданды. Бұл ресурс индикаторларды басқа ақпараттық платформаларда айна түрінде көрсетуді қамтамасыз етеді.
Жұмыс тобының келесі кездесуі 2025 жылдың жазында өтеді. Ол бірыңғай баға белгілеу әдістемесі, баға индекстерін градациялау және Адалдық декларациясын дайындау мәселелеріне арналатын болады. Бұл қадамдар ЕАЭО-да ашық және тұрақты тауар нарығын қалыптастырудың маңызды кезеңі болмақ.