«ECOJER» қауымдастығы мен ЕСЖ тауар биржасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
2024 жылғы 22 қазанда Қазақстанның өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығы «ECOJER» және «Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасы» АҚ (ЕТС) қоршаған ортаның сапасын жақсартуға және Қазақстанда экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Меморандум елдің негізгі экологиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін көпжылдық стратегиялық әріптестікті көздейді.
Қол қойылған Меморандумның мақсаты – Қазақстанда қоршаған ортаның сапасын жақсарту және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Тараптар парниктік газдар шығарындыларын реттеу аясында квоталармен биржалық сауданы дамыту арқылы ынтымақтастық орнатуға, ESG қағидаттарын ілгерілетуге, экономиканы декарбонизациялауға және елдің халықаралық имиджін нығайтуға ниетті.
«Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Тәжібаев атап өтті: «Біз «ECOJER» қауымдастығымен осы маңызды ынтымақтастықты бастағанымызға қуаныштымыз. Біздің әріптестігіміз бизнестің экологиялық жауапкершілігін арттырып қана қоймай, елдің тұрақты экономикалық дамуын ынталандыратын жаңа құрал қалыптастыруға мүмкіндік береді. Парниктік газдар шығарындыларына квоталармен биржалық сауда Қазақстандағы көміртек ізін реттеу жүйесінің маңызды элементіне айналуы мүмкін».
«ECOJER» қауымдастығының бас директоры Рүстем Қабжанов қосты:
«Меморандумға қол қою – бірлескен экологиялық бастамаларды дамыту жолындағы маңызды қадам. Біз осы ынтымақтастықтың арқасында көміртек ізін азайтуға, тұрақты дамуға халықаралық инвестицияларды тартуға, сондай-ақ Қазақстанның Париж келісімі шеңберіндегі міндеттемелерін орындауға ықпал етуге болады деп сенеміз».
Меморандум сондай-ақ азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыруға және тұрақты дамудың маңыздылығы туралы хабардарлығын көтеруге бағытталған бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруды көздейді. Тараптар тақырыптық семинарлар, дөңгелек үстелдер, конференциялар өткізуді, сондай-ақ ақпараттық науқандарға белсенді қатысуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, тараптар өзара ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі ретінде Қазақстанның 2016 жылғы Париж келісімі аясында қабылдаған халықаралық экологиялық міндеттемелерін орындауды қолдауды, сондай-ақ экономикалық және экологиялық аспектілерді қатар ескеретін бизнесті дамыту үшін жағдай жасауды атап өтті.
Меморандум оған қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді және үш жыл мерзімге әрекет етеді, әрі қарай тағы үш жылға ұзарту мүмкіндігі бар.
«ECOJER» қауымдастығы туралы:
«ECOJER» қауымдастығы Қазақстанның өңірлік экологиялық бастамаларын біріктіреді және қоршаған ортаға ең аз әсер ете отырып, тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған жағдайларды қалыптастыруды белсенді түрде қолдайды. Ұйым сондай-ақ Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындауға ықпал етеді.
ЕТС тауар биржасы туралы:
«Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасы» АҚ (ЕТС) — Қазақстандағы жетекші алаңдардың бірі болып табылады, ол шикізат тауарлары мен қаржы құралдарымен сауда жасауға арналған қызметтердің кең ауқымын ұсынады. Биржа экологиялық және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін тұрақты нарықтық тетіктерді дамытуда маңызды рөл атқарады.